Телефон: +7 (7122) 921100

Факс: +7 (7122) 306195

060011, Қазақстан, Атырау

Сатпаев көшесі, 6

Қала жайлы

Атырау – шынымен де таңғажайып және көптеген сәттерімен таңғалдыратын қала. Оның екі құрлықтың Еуропа мен Азияның ұштасқан жерінде орналасқанының өзі – ерекше. Ол Батыс пен Шығыстың екі мәдениетінің тұтасуы және жүзеге асуы болып табылады. Оның үстіне, қала мұнайлы астана мәртебесіне ие, оған мұнай өндіру аймағы орталығы ретінде ғана емес, жайлылығы, қызмет көрсету сапасы, қала құрылысы және архитектуралық саясат деңгейі бойынша да толықтай сәйкес келеді.

Біздің Атырауымыз 4 ғасырдай уақытқа созылған қомақты тарихқа ие. Уақыт өз ізін қалдырып, жыл сайын қаланың бейнесі – Үйшіктен тас қалаға дейін өзгеріп келеді.

Тағдыр қалаға кәрі Каспийге жақын жайық сағасына орналасуды жазған екен. Мыңдаған жылдар бұрын біздің қазіргі тұрып жатқан орнымызда теңіз ағып жатқан еді. Біртіндеп ол оңтүстікке қарай ығысты да оның ізімен, ұсақ көлдер мен бұлақтарды өзіне қоса отырып, өзінің жай ағысымен кең де жарық өзен ақты. Өзен Прикаспийдің солтүстік-шығыс бөлігінің тіршілік қайнаған қантамыры, өзіне тартып тұратын су қоймасы бола білді. Ол географиялық жағынан Еуропаны Азиядан бөліп, ал экономикалық және саяси тұрғыдан оларды ортақ еуразиялық құрлыққа біріктірді. Х-ХІІ ғасырларда Жайық және Каспий теңізінің төменгі сағасынан теңіз және құрлық сауда жолдары өтті. Сауда жолында түрлі елді мекендердің пайда болуы заңдылық еді. Осындай елді мекеннің бірі Жайықтың төменгі сағасындағы Сарайшық еді. Ол бірнеше ғасыр бойына Алтын Орданың мәдени және саяси орталығы болды, барлық Каспий маңы аймағының әрі-бері өтетін ірі пунктіне айналды. Одан соң оны бірнеше рет қиратты да. Сөйтіп, ол өзінің маңызын жоғалтты. Бүгінде ол бізге ежелгі хош иісімен және бай тарихымен қымбат. Қазіргі таңда қала орнында «Хан ордасы - Сарайшық» мемориалды кешені орналасқан. Орналасу орны: Атырау қаласынан 50 шақырым жерде Сарайшық поселкесі.

16 ғасырдың 1 жартысында Жайықта орыс еріктілері пайда болды. Алғашқы келушілер, жылнамаға сүйенсек, хан билігін де, патша билігін де мойындағысы келмеген Волга казактары, қашқын басыбайлы шаруалар болатын. Бірақ, уақыт өте олар аяғынан тік тұрған қожайындарға айналды, енді олар қолдағы барын жоғалтқысы келмей, ешқайда қашуға тырысқан жоқ. Сөйтіп, орыс патшасына ынта-шынтасымен қызмет ете бастады. Олардың көмегімен Мәскеу мемлекетінің шекарасы Жайыққа дейін жылжыды. Енді осында және Маңғышлақ түбегінде сауда керуендері мен елшіліктерді күзетуге арналған бекіністер салу жөнінде шешім қабылданды. Бұл жұмыс ярославтық кәсіпкерлер Гурьевтерге жүктелді. «Жайық өзенінде 400 қадам тас өлшемді қала салу керек. Кез-келген қабырға мұнаралар арасындағы шарбақтар жүз қадамнан болуы үшін төртбұрышты болсын. Бұл тас қаланы енінен де, қалыңдығынан да Астрахан тас қаласы сияқты азулы етіп жасау керек».

1640 жылы Жайықтың Каспий теңізіне құяр тұсында Гурий Назаров абақты тұрғызды. Бастапқыда бұл ағаш шарбақтан салынған бекініс болатын. Ал бірнеше жылдан кейін атқыш-күзетшілер орналасқан мұнаралары бар тас бекініске айналды. Құрылыс жоғарғы Жайық және Дон казактарының табанды қарсы тұруы кезінде жүріп жатқанын ескермесе болмайды. Казактар «Алда Жайық-өзенді тазартып, үйшіктіқиратып, жатақты өртейтінін» мәлімдеді. Біз Степан Разиннің де осында болып, өзінің көтерілісшіл болмысын танытқанын білеміз. Осындай жағдайға байланысты патша арнайы грамота арқылы астрахандық воеводалардан «Жайық қаласы мен үйшігін түрлі адамдар мен қашқын казактардан сақтау үшін» Жайық сағасындағы қалашық гарнизонын 500 атқышқа дейін күзетуді талап етті. Қала, шын мәнінде, шекаралық бекініс болды... Біздің қаламыздың басынан қандай қақтығыстар өтпейді десеңші! Мәселен, көптеген казактар мен малшыларды Жайықтың сол жағалауына жіберуге тиым салғанға шамданған жергілікті халық Емельян Пугачевті қолдады. Тек мамыр айында полковник Кандауров басқарған жазалау отряды Гурьевті алды. Пугачевті жазалағаннан кейін оның есімін халықтың жадынан өшіруге тырысқан Екатерина П. өз жарлығымен Жайық өзенін Орал деп, Жайық казактарын оралдықтар деп өзгертті.

Егер тарихты бұдан әрі сүзгілесек, біздің шағын, бірақ, мемлекеттің, елдің өте маңызды нүктесінде тұрған қаламызда көптеген қызу оқиғалар орын алған. Гурьев қай кезде де аймақ байлығын игеруде, көрші мемлекеттермен сауда және дипломатиялық байланыстарды дамытуда үлкен рөл атқарды.

Өндірістік шаруашылықты қорғауға арналған әскери бекініспен қатар өзен ағысына көлденең ағаш шарбағы бар жатақ салынып, қазық қағылып, арнайы балық аулауға лайықталған шағын қалашық шағын қала – үйшік (қазақ сөзі) тұрғызылды. Ол Төменгі Жайық қалашығының бастауы болатын – қала Гурьев аты берілгенге дейін 1708 жылға дейін осылай аталды.

Жайықтың «жанды күмісі» «жоғарыға», Мәскеуге де жетті. Бұл жөнінде Михаил Гурьевтің патшаға 1679 жылдың 7 желтоқсанында жазған грамотасындағы «... ал біздің ұлы мемлекет қазынасына Жайық үйшігінің ондағы (Гурьевтегі) жаңа зауытынан сатып алуға және уылдырық өндірісінде, алым-салықтарда көптеген табыс түсті, алда Жайық үйшігінен түскен табыс табанды бола түспек» деген жолдар куә.

ХVІІІ ғасырдағы француз коммерциялық сөздігінде Жайық және Волга қызыл балығы «Ресейде таралатыны, бірақ түйіршіктелген уылдырығы үлкен көлемде түрлі Еуропа елдеріне, әсіресе, Италия мен Францияға жіберілетіні» жазылған. Содан бері біздің қаламыз, Гурьев маркасы, барлық Еуропа елдеріне танылып, балықпен және балық өнімдерімен, сондай-ақ, тұзбен мемлекеттік сауда дами бастады, балықтың осынша көлеміне, әрине, орасан сұраныс болды. Қоймалар, балықты қақтап, сүрлеуге арналған ғимараттар салынды.

Сол жылдары-ақ мұнда түрлі ұлттар мен діндердің адамдары бейбіт өмір сүрді. Мұнда қабір шіркеуінен басқа ұзақ уақыт бойына Николай Чудотворецтің (1930 жылы атеизмнің гүлдеп тұрған кезінде түбірімен жойылды) шіркеуі тұрды. Оның бір жағында – татар мешіті, одан сәл әріректе –шағын үлгідегі кулугур-ескі діндегілердің шіркеуі тұрды. 1888 жылы Успен саборы құрылды.

Осылайша, үндестік пен рухани келісімнің қайнар көзі сол алыс жылдарда-ақ қалыптасқан еді. Одан кейін де біздің қаламыз өзінің қонақжайлығы мен жайдарылығын аз көрсеткен жоқ. Біз кең-байтақ Отанымызға әлемнің әр түкпірінен келген АМӨЗ, басқа да өндіріс нысандары құрылысшыларын, құрыш далада шойын магистраль салып, соның арқасында қала әлемнің барлық тарапына шығуға мүмкіндік алған жол құрылысшыларын қабылдадық. Жаңа құрылыстар – жаңа қонақтар, олардың көпшілігі кейін біздің қаламызда өмірбақи қалып, біздің көршілерімізге, жерлестерімізге айналды. Гурьев-Астрахань теміржолымен бірге Жа йық арқылы теміржол көпірі салынды. Ол Орта Азияның оңтүстігі мен Маңғыстау түбегінен елдің еуропалық бөлігіне қатынайтын қысқа жолды ашты. Қазір бұл сегіз көпірі бар қала, оның бірі әдейі жаяу жүргіншілерге арналған. Атыраудағы жаяу көпір - әлемдегі ең ұзын және «Гиннестің рекордтар кітабына» енгізілген.

Теңіз бізге шетелдік, тіпті, мұхиттың арғы жағындағы қонақтарды алып келді. Жер бетінде біз іскерлік қатынастар орнатпаған ел жоқ та болар. Жаңа өмір біздің қаламызға келді. Біздің мұнайлы астанамыз бүгінде жаңа келбетке ие болды. Асфальтталған көшелер үйлердің аулаларын да ұмыт қалдырмай, құлашын кең жайып келеді. Сұлу ғимараттар әр алуан архитектурада, іскерлік орталықтар – талдау, мәдени-көпшілік орындар – батылдау стильде салынған. Тұрғын үйлер алуан түсте, түрліше салынған, олардың көпшілігінің биіктігі соншалық – біздің қаламызда оның мүмкін екендігіне сенбей де қаласың. Даңғылдар ең заманауй ландшафтық шешімдермен әшекейленген, әрбір алаңның өзінің бет-бейнесі, өзіндік безендірілген жарығы бар. Тартымды ескерткіштер, терезелері жарқырап көз тартатын мектептер, ауруханалар, біздің сүйікті Жайықтың үстінен тербелген көпірлер – міне, бұл бүгінгі Атырау.

1992 жылы қала Атырау есімін иеленді. 1999 жылы қазақстандық мұнайдың 100 жылдығы кең аталып өтіп, сол кезден бері Атырауды Қазақстанның «мұнайлы астанасы» деп атай бастады.

Табиғи ресурстар. Атырау облысы әлемге екі үлкен табиғи байлығы – мұнайы мен уылдырығы арқылы жақсы таныс. Қазақстан мен облыстың мұнай өнеркәсібінің дамуына жол ашқан алғашқы мұнай фонтаны 1899 жылы атқылаған еді. 1993 жылы ең ірі кеніштердің қатарындағы Теңіз кен орнында мұнай-газ саласындағы алғашқы ірі көлемді жоба – «Теңізшевройл» біріккен қазақ-американ кәсіпорны құрылды. Бүгінде Атырауда мұнай-газ саласының бірнеше жүздеген операторлары мен қызмет көрсету компаниялары жұмыс істейді.

Халқы: 231 мың адам. 84 ұлттар мен ұлыстар, 17 ұлттық-мәдени орталықтар бар.

Климаты: аса құрғақ. Қысы ұзақ, аздаған қар жабындысы бар, жазы ыстық және құрғақ. Көктем мен күзі қысқа.

Транспорттық мәлімдеме. Атырауда Air Astana, Transaero, SKAT компанияларының рейстері жүзеге асады. Атырау теңіз портынан Иранға, Әзірбайжанға, Түрікменстанға су жолы бар, сондай-ақ, Азов және Қара теңізге Волга өзені арқылы шыға алады. Атырау темір жол стансасы арқылы пойыздар Астана, Куляб, Маңғышлақ, Мәскеу, Өзен, Саратов, Алматы, Ақтөбе, Астрахань бағыттарына жол алады.